📌 Неге сен мектептен кейін бірден университетке түсуге міндетті емессің немесе «gap year» деген не? 🤔 Сәлем, ҰБТ академиясының оқырмандары. Менің атым Үміт және бұл әдеттегі ҰБТ-ны сәтті тапсыру туралы пост болады деп ойлап қалмаңыздар:) Қозғағым келетін тақырып «gap year» туралы болмақ. Gap year (бос жыл, аралық жыл) - оқушының мектеп пен ЖОО арасындағы бір жыл бос уақыты. Әдетте бұл үрдіс батыс елдерінде кең таралған. Оқушылар бұл уақытты өздерінің жеке тұлғалық дамуына, тек өздері қалайтын қызығушылықтарына, хоббилеріне, шағын немесе үлкен саяхатқа, волонтёрствомен айналысуға, болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға, жалпы өмірге деген мақсаттарын айқындауға арналған жыл деп біледі. 10-шы сыныпты аяқтаған соң, мен FLEX бағдарламасымен 11-ші сыныпты АҚШ-та жалғастырдым. Гэп жыл туралы Америкадағы достарымнан естідім. Ол жақта 12 жылдық мектеп жүйесіне қарамастан, олар бұл мезгілді болашақ мамандықты жаңылыспай таңдауға аз уақыт деп есептейді. Ал, бізде ше? 16-17 жастағы жасөспірім өмір бойы немен айналысқысы келетінін тез арада шешуі керек. Ол түгіл мен кешке мейрамханаға қандай көйлегімді киерімді білмей қаламын.😄 Бұл мен үшін жақсы идея деп шештім. Ата-анама бұл жылды қалай пайдалы қылып өткізуге болатынын, болашаққа қандай жоспарларым бар екенін, қандай қызықты дүниелермен айналысуға болатынын түсіндірдім. Олар скептикамен болса да, шешімді қабылдады. Бастысы дұрыс аргументтерді келтіріп, ата-анаң саған сенім артатындай қарым-қатынас орнату. Америкадан келгеннен кейін сыныпастарымның көбісі абыр-сабыр болып ҰБТ-ға дайындалып жатты, ал мен еш уайымсыз алдағы жылды жоспарлауға кірістім. Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ. Тек сен және сенің алаңсыз уақытың. Қазіргі таңда бұл жасөспірімдерде тапшы нәрсе болып тұр. Мектептегі өзіңе керек емес пәндерді оқу, одан кейін кешке дейін сол сабақтардан берген үй жұмысын жасау, үй тірлігіне араласу одан бөлек уақыт қалып жатса (оған күмәнім бар), телефон қарау. Солай бір қалыпты рутина қалыптасып кетеді. Шыны керек, Қазақстанның ешбір оқу орнына тапсырмадым. Менің басты жоспарым шет елге тапсыру болды. Өйткені Америкадан кейін бір орында тоқтамай дүниетанымымды одан әрі кеңейтуге деген махаббат оянды. 🇺🇸💖 📎 Ең алдымен алғашқы айларды IELTS-қа дайындыққа арнадым. 📎 Шетел университеттеріне грантқа қалай түсуге болатыны бүге-шігесіне дейін зерттедім. Қажетті документтерді жинап, мотивациялық хат жазуды үйрендім, CommonApp-пен таныстым т.с.с. 📎 Одан кейін үш ай тігін курсына жазылдым. Ол жерде тіпті стипендия алдым. 📎 Жұмыс істедім. Іздеген адам 18-ге толмай-ақ жақсы жұмыс таба алатынына көз жеткіздім:) 📎 Speaking club аштым. 📎 Америкалық консульствоның Талдықорған қаласындағы өкілі болдым. Бұл дәреже қалалық деңгейде пайдалы жобалар жасауға мүмкіндіктер ашты. Мысалы, жетімдер үйінде қайырымдылық шаралар ұйымдастыруға, шет елден спикерлер шақыруға, қалада тазалық шараларын ұйымдастыру сияқты жобаларды қолға алуға керемет мүмкіндік берді. 📎 Өте көп кітап оқыдым. Бос уақытымды пайдалы әрі тиімді өткізетін бірден-бір сүйікті ісіме айналды. 📎 Нетворкинг. Сыныптастарым, достарым басқа қалаларға оқуға кетіп қалғандықтан, маған жаңа орта қалыптастыру керек болды. Конференциялар, тренингтер, әртүрлі курстар мен іс-шаралар жаңа достар табуға жол ашты. 📎 Тренировка. Батыстың калориясы мол тамақтары маған жаңа +6 кг алып келді. Сондықтан бұл жыл форманы қалыпқа келтіретін керемет уақыт болды. 📎 Көлік жүргізу курсына қатыстым. 📎 Демалдым. Иә, жай ғана демалдым. Пикникке шықтым, көрші қалаларға қыдырдым, концертке бардым. Көп қой айналысатын дүние:) 📎 Бастысы болашақта қандай мақсаттарға қол жеткізуім керек екенін және оған кішкене қадамдармен қалай жетуге болатынын жоспарладым. ✅ Бұл тізімді әркім өзіне ұнайтындай етіп құрастыра алады. Бірақ медалдьдың екі жағы бар. Осы тұста гэп жылдың жағымсыз жақтарын айта кетейін. ⛔ Туысқандардың, таныстардың түсінбеушілігі. “Қалайша, мектпепті алтын белгімен бітіріп ешқайда түспедің?” “Ойбу, байғұс-ау, уақытың жайдан жай кетті-ау” деген сияқты комментарийлер мен “аяушылық” сезімдерді бақылау. Бірден айтайын жұрттың сөзі сендердің ойларыңды өзгертетін құралға айналмауы тиіс.😊 ⛔ Бұрынғы достардың болмауы. Олар көп жағдайда басқа қалаларға кетеді, жаңа студенттік өмірлерін бастайды. Егер ол сендерге сондай қатты маңызды болса, жалғызсырау сезімі болуы мүмкін. Ол болмау үшін жоғарыда жазған нетворкингке көңіл болу керек. ⛔ Прокрастинация. Бұл досымызды ешкім алып тастаған жоқ.😊 "Бәлкім, дұрыс емес нәрсе жасап жатқан шығармын?" деген ой әбден туындауы мүмкін. Қалыпты бір күн тәртібі болмағандықтан, сенде бір өте көп уақыт бардай көрінеді. Алайда, біз білеміз, уақыт ешқашан көп болмайды. Мұндай кездердерде осының бәрін не үшін бастағаныңды есіңе түсір. Бұл жыл жайлылық аймағынан екі есе шығуды талап етеді. Жағымсыз жақтарын айтамын деп, барлығын ақтап алғаным қалай кетті:) Айтпақшы, міне сендерге гэп жыл алған бірнеше табысты тұлғалардың тізімі: Джоан Роулинг, Приц Гэри, Барак Обама, Малия Обама, Илон Маск, Марк Цукерберг. Атақты әнші Dua Lipa өзінің гэп жылында тіпті универдің керек емесін түсініп, солай гэп жылы гэп өміріне айналып танымал әнші болып кетті:) Жасыратыны жоқ, менің біраз сыныптастарым, таныстарым әйтеуір грант үшін бейберекет университеттердге түсе салған, тіпті не оқып, не істеп жүргендерін түсінбей маған өкініштерін айтып жатады. Ойлашы, әлі 4 жыл бар, Карл! ОМГ! Оның жанында 1 жылды дұрыс жаққа, болашаққа инвестиция жасауға арнаған әлде қайда тиімдірек емес пе? Әрине, мен ешкімді гэп жыл алуға үгіттемеймін және гэпперлердің бәрі керемет болып кетеді деп те кепілдік бере алмаймын, тек 🎉СюРпРиЗ🎉 осылай да жасауға болатынын жеткізгім келеді. Бұл студенттік өмір болмаса да, оны дұрыс әрі қызықты қылып жоспарласаң, одан кем түспейтініне сенімдімін. ҰБТ, ЖОО-ны өмірдің мәні санап, көңіл-күйлері құлазып отырған түлектердің, немесе болашақ мамандықтарын таңдай алмай жүрген оқушылардың немесе жай ғана рухани демалыс қажет деген оқушылардың құлақтарына алтын сырға. Түсінемін, бізде ТМД елдерінде мектептен кейін бірден оқуға түсу керек деген ой қалыптасып қалған, одан бөлек “ел не дейді?”-міз бар. Мектептен кейін бірден оқуға түспеу ақырзаман да емес, қылмыс та емес. Өзімнің тәжірибемнен алып қосарым, гэппер болу қайталанбас сәттер, шексіз мүмкіндіктер және өзгеше кезең. Өміріңдегі бір жыл емес, бір жылдың ішіндегі өмір. Егер маған өкінесің бе десе, мен “жоқ!”, “жоқ!” және “жоқ!” дер едім. Алла жазса, алда мені бұдан да қызық студенттік өмір күтіп тұр. Назар қойып оқығандарыңыз үшін РАХМЕТ! 😊💖

Теги других блогов: gap year бос жыл аралық жыл