Өміріңдегі ең әсерлі конфликт
Мен сені танысам да, танымасам да, сен туралы бір нәрсе айта аламын.
Сен кішкентай кезіңде ата-анаңның сөздерін 100% ақиқат деп қабылдадың, "Әке - асқар тау, ана қайнар бұлақ" деп қарадың. Қорғаныс, баспана, ас, сенің жүрегіңнің тыныштығын қамтамасыз еткен — ата-аналарың!
Бірақ, уақыт өте келе сенің ата-анаңмен келіспейтін мәселелерің пайда болды.
"Шашыңды былай алма", "мынандай киім киме", "мынандай музыка тыңдама", "ҰБТ-да мынандай пән таңдама", "Дәрігер болма, инженер бол" деген сияқты сұрақтар бойынша қысым күшейе түсті.
Олай неге болатынын айтайын.
Адамды қалыптастыратын — орта. Ата-анаң "сенің ортаңды біз қалыптастырамыз" деп ойлайды. Шын мәнінде, ата-анаң сенің ортаңның 20-30% ғана қалыптастыруы мүмкін. Олар сенің достарың қандай екенін білмейді, қандай кино көретініңді, инстада кімді оқитыныңды, армандарыңды білмейді. Олар бала, жасөспірім болған кезде, әлеуметтік желі демек, интернеттің өзі болмайтын. Интернетті айтпас бұрын, бір ауылда бір компьютер де болмайтын.
Сол себепті сенің өскен ортаң мен ата-анаңның өскен ортасы екі түрлі.
Кез-келген ата-ана өзінің баласы үшін өмірдегі бар жақсылықты тілейді. Проблема неде? Ата-ана баласына "өзі түсінетін жақсылықты" тілейді.
Ата-анаң "қасқыр" болса, сен "аю" болып туылсаң, олар сен қасқыр болмайынша разы болмайды. Бірақ ОЛАРДЫҢ БОЛМЫСЫ басқа. Сен өмір бойы "ата-анамның қалағанын істеймін" десең де, істей алмайсың. Неліктен екенін түсіндірейін.
Әр адамның болмысына сай генетикалық, психологиялық, физиологиялық, идеологиялық қасиеттері болады.
Адам сол болмысына сай өмір сүрсе, бақытты әрі өзін "мен өмірдегі өз орнымды таптым" деп сезінеді.
Ал адам сол болмысына сай өмірді кез келген басқа нәрсеге айырбастайтын болса, бақытты бола алмайды. Тұтқынға түскен басқа планеталық сияқты, "не в своей тарелке" сезінеді :)
Көп жағдайда ата-ана баласына 1) тура менің жолыммен жүрсін 2) мен жүре алмаған жолмен жүрсін 3) әйтеуір мен жүрген жолмен жүрмесін дейді.
1) Әдетте әскери адамдар балаларын тура менің жолыммен жүрсін дейді.
Бірақ, болмысы басқа адам қалай тура сенің жолыңмен жүреді?
Осы сенің жағдайың болса, ата-анаңның өмірін зерттеп көрші. Олар бақытты ма? Денсаулықтары жақсы ма? Отбасы арасындағы қарым-қатынас жақсы ма? Ел арасында сыйлы ма? Өз саласында мықты маман деп танылған ба? Табысы жақсы ма? Жыл сайын саяхаттап, қалаған нәрсесіне қол жеткізе ала ма? Бастықтардан тәуелсіз бе әлде орның сақтап қалу үшін болмайтын нәрселерді істеп жүреді ме? (Мысалы, студенттерге театр билеттерін күштеп алғызу, мынандай кісіге дауыс беремін деп қолхат жазу).
2) Әке, шеше? Сіз орындай алмаған мақсатты не үшін мен орындау керекпін?
Жақсы, кезінде архитектор бола алмапсыз. Енді оның маған қандай қатысы бар? Сіз қазірдің өзінде ақша жинап, жұмысты тоқтата тұрып, оқуға түсіп, сол арманыңызды өзіңіз орындай аласыз ғой. Мені қинап қайтесіз?
"Мен архитектор болғанымда өмірім мүлдем басқа болар еді" дейсіз. Бірақ қайдан білесіз? Сіз көріпкел емессіз ғой? Оны бір Құдайдың өзі ғана біледі ғой қалай боларын. Сіздің жастық шағыңыздағы формула біздің заманда да жұмыс істейді дегенге кім кепіл?
3) "Әйтеуір мен жүрген жолмен жүрмесін" деп көп бала туып, үйде отырып қалған аналар немесе мемлекеттік жұмыста істеп, өмірі сол бірқалыпты өткен әкелер айтады. Қыздарына "оқы, карьера қуала", ұлдарына "өз ісіңді аш, саудагер бол" дейді.
Сіз жүрмеген жолыңыз жақсы деп кім айтты? Мүмкін қазіргіден де жаман шығар?
Сіз "осымен айналыспа!" деп жатқан нұсқаңыз нағыз маған сай шығар?
Егер осылай ата-ананың айтқан сөздері жайлы критикалық түрде, логиканы қосып ойланатын болсақ, көп нәрседе қателесетінін байқаймыз.
Бұл ата-ананың әлсіз, жаман екенін білдірмейді.
Бұл — ата-ананың тура сен сияқты, қателесетін, көп нәрсені түсінбейтін пенде екенінің дәлелі.
"Ата-анаға қарсы шық, оларды тыңдама" демеймін. Егер ата-анаңның айтқаны саған ұнаса, сенде ішкі қарсылық тудыртпаса, айтқанын тыңда.
Бірақ ішіңде бір наразылық пайда болып жатса, өзіңді сындырып, айтқанды істеудің қажеті жоқ.
Сен дәл қазір өзіңді тыңдамай, ата-анаңды тыңдасаң, болашақта олардың көрсеткен жолдары саған ұнамайтынына көз жеткізесің. Бірақ өткен жылдарды қайтара алмайсың. Өміріңе риза болмай, өзіңнің потенциалыңды аша алмай, жаның қиналады. Ата-анамен нағыз конфликт сол кезде басталуы мүмкін. Cебебі ОЛАР қабылдаған шешім үшін қиналып жүрген СЕН боласың.
Ал дәл қазір саған ұсынып отырған шешімнен бас тартып, өз басыңмен шешім қабылдасаң, не бақытты боласың, не ӨЗ шешімің үшін ӨЗІҢ жауап бересің.
P.S. мен не айтып отырғанымды білемін. Өмір бойы "балам шетелде оқиды" деп программаланған адаммын. Тура сол жолмен жүрсем, қазір тып-тыныш қана Францияның бір лабораториясында Ньютондық сұйықтықтарды зерттеп отыратын едім :)
Қазақтың 7000-нан астам жастарын интернет арқылы оқытпайтын едік. Бірақ мен уақытында басымды қосып, екі магистратурамды тастап, ҰБТ Академиясын дамытумен айналыстым.